Болашақ маманның кәсіби құзыреттілігі – бұл түлектің әрекеттегі сапалық жеке қабілеттері. Ол түлектің келесі мүмкіндіктері мен біліктіліктерін қамтиды: жоғары кәсіби деңгейде өз бетімен ақпаратты іздеу, жинау, талдау, көрсету, тасымалдау, объектілер мен үрдістерді, соның ішінде өз жеке әрекеттерін және ұжымның жұмысын модельдеу және жобалау. Сабақ өткізу барысында оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін сабақ беру әдісінің тиімді түрлерін, озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру, өткенді бекіту, оларды тапқырлыққа баулып, зейінін, байқампаздығын, ойлау қабілетін дамыту, дүниетанымын кеңейту мақсатында пәнаралық байланыс қолдану арқылы білімнің жинақтаушы, қорытындылаушы және үйлестіруші қызметін атқаруға болады. Пәнаралық байланыс – оқу жұмысының әдіс-тәсілдерін, ұйымдастыру формаларына қосымша талаптарды енгізу керектігін, қоршаған орта, табиғаттағы құбылыстарды бақылауда мұқият мән беруді, сонымен бірге оқытудың аналитикалық деңгейін көтеруді, себеп-салдарлы функциональдық байланыстарды орнатуда үлкен назар аударуды, оқыту, тәрбиелеу процесінде пәнаралық байланыстың тәсілдерін кеңейтуді талап етеді және де жалпы білім сапасын көтеруде алатын орны маңызды. Қазіргі таңда пәнаралық байланыстың теориясы мен практикасы үздіксіз дамуда, пәнаралық байланыстың негізгі дидактикалық функциялары, сабақта оларды жүзеге асыру тәсілдері, сабақтың түрлері қарастырылған. Пәнаралық байланыс құрамындағы маңызды болып табылатын мазмұндық және шығармашылық негіздерін бөліп қарастыруға болады. Мазмұндық негізін жалпы ғылыми фактілер, түсініктер, заңдар және теориялар құрайды. Мысалы, жаратылыстану-ғылыми циклдегі пәндер үшін жалпы түсініктер болып материяның (зат және өріс) құрылымдық формалары, денелердің қасиеттерін сипаттайтын, құбылыстарды және бақылауларды сипаттайтын шамалар болып табылады. Ал, жалпы заңдарға масса, энергия, электр зарядының сақталу заңдары, химиялық реакциялардың жүру заңдары және т.б. жатады. Теорияларға химия, физика және биология ғылымдарында қолданылатын, тірі және тірі емес табиғаттың көптеген құбылыстарын түсіндіретін зат құрылысының молекула-кинетикалық теориясын, зат құрылысының электронды теориясын, квантты-өрісті теорияны және т.б. айтуға болады. Мақалада химия сабақтарында пәнаралық байланыс негізінде құзыреттілікті қалыптастыру жолдары қарастырылған.