Мақтарал ауданы – Оңтүстік Қазақстан облысының аграрлы аудандарының бірі. Ауылшаруашылық жерлерінің басым бөлігін егістік жерлер құрайтын ауданда егін шаруашылығын тұрақты түрде дамыту өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі заманда алты түрлі табиғат ресурстары бар. Олар: минералды, су, өсімдіктер, жер қыртысы, жан-жануарлар және ауа. Олардың ішіндегі жер ресурсы (топырақ) маңызды компонент болып, құндылығы құрамындағы қарашіріктің мөлшеріне байланысты болып келеді. Сондықтан, оны қауіпсіз әдістердің негізінде пайдалану қашан да өте маңызды мәселелердің бірі болған. Ауыл шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыру арқылы қоғам қажеттілігін өтеуде өндірісті эколизациялау принципін ұстанған жөн. Өндірісті экологизациялау – табиғат қорына нұқсан келтірмейтін технология арқылы өндірісті ұйымдастыру, экологиялық еңбек өнімділігін арттыру болып табылады. Біздің тұжырымдауымыз бойынша, осы принципке негізделе отырып, жер ресурстарын оңтайлы пайдалану үшін егін шаруашылығында мынадай шараларды жүргізу шарт: мелиорациялық өңдеу, ауыспалы егістікті пайдалану, суды тиімді пайдалану. Ауылшаруашылығын жүргізу барысында басқа да ресурстармен қатар, жер ресурстарын тиімді пайдаланып, қалпына келтіру және құнарлылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп отыруы қажет. Өйткені, сол арқылы ғана азық-түлік өндірісін тұрақты түрде арттыра аламыз деп есептейміз.